Ең қымбат француз фильмі

Қапар Әдемі

Сонау 1967 жылдан бастап шығарылған «Валериан және Лорелин» атты француз комикстер топтамасы бойынша экрандалған бұл кинотуынды көрерменнің көңілінен шыға ала ма?

Жақын арада қазақ тілінде отандық прокатқа «Леон», «Бесінші элемент» атты фильмдерімен танылған аты әлемге әйгілі режиссер Люк Бессонның «Валериан және мың ғаламшар шаһары» атты фильмі жарыққа шығуда. Кинотуынды 2700-ші жылдар шамасында «Альфа» атты ғарыштық станциядағы бекет қорғаушылардың басынан өткізген қызықты да шытырман оқиғаларын баяндайды.

Жарты ғасырға жуық Франция оқырмандарының жоғары бағасына ие болған Пьер Кристин мен Жан-Клод Мезьердің «Валериан және Лорелин» атты комикстер желісін Люк Бессон ұзақ толғаныстардан кейін экрандауға лайық деп көрген. Люк Бессон: ««Валериан және Лорелин» атты комиксте менің көңілімді аударған тағы бір жәйт, бұл-таза пейіл мақсатта күрескен, шыншыл адамдар туралы оқиға екендігі»,-деген. Бейбітшілік пен келісімде тұрып жатқан өзге планеталықтарға төнген күмәнді іске тап болған Валериан (Дэйн ДеХаан) және Лорелин (Кара Делевинь) атты ғарыш агенттеріне галлактикааралық қауіпсіздікті қорғауға тура келеді.

Галактикада өрбитін бұл хикая экранда фантастика жанрына тән спецэффектілер қолдана отырып, шындыққа жанастыра көркем бейнеленген. Фильмнің тартымды болуына әр түрлі эффектілермен қоса актерлік құрамы, декорациясы, гримі, әсіресе, сценарий мазмұнының тереңдігінің орны ерекше екеніне көпшіліктің таласы жоқ.

Кез келген фильмнің идеясын және оның ой түйінін көрерменге толықтай жеткізу әр режиссердің мақсаты, міндеті. Фильмде жағымды және жағымсыз кейіпкерлердің, бейбітшілікті қорғаушылар мен қатігез тіршілік иелерінің арасындағы күрес көрініс тауып, шиеленіс одан сайын артады. Адамдар арасындағы күрес басты назарға алынып, ал соңында адамгершілік, мейрімділік іспетті ізгілік қасиеттер жеңіске жетеді.

Аталмыш туынды француз киносындағы ең қымбат фильм болып табылуда. Мысалға, 2008 жылғы «Астерикс және Олимпия ойындары» фильміне 78 миллион евро кеткен болса, «Валериан және мың ғаламшар шаһары» фильмінің бюджеті 197 миллион евроны құрады. Жоғары сапалы спецэффектілер, жасанды кейіпкерлер мен олардың іс-әрекеттерінің шынайы бейнеленуі үлкен қаржы мен қажымас еңбектің нәтижесі. Шынымен де, барлығы бір-бірімен үйлесіп, көрермендерге басқа әлемге саяхат сыйлағандай.

Фантастика жанрындағы фильмдерді сүйіп көретін көрермендерге ұнары сөзсіз. «Валериан және мың ғаламшар шаһары» атты кинотуындының, арысы, еліміздің кино мамандарының көңіліне бір ой салып өтері, берісі, қарапайым көрермендерді елең еткізері анық.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *