Мәдени диалог алаңын құрған фестиваль

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ресейдің ғылым және мәдениет орталығының қолдауымен және кино туралы отандық Vosmerka.kz сайтының ұйымдастыруымен елордамызда 29-шы қараша және 1-ші желтоқсан күндері аралығында «НЕ просто кино» халықаралық қысқаметражды фильмдер кинофестивалі өтті.

Көрсетілім форматында өткізілген кинофестиваль үш күнге жалғасып, кино сүйер қауымды күн сайын түрлі ұлттың кинематографиясымен таныстырды. Фестивальдің алғашқы күнінде чуваш және якут халқының фильмдері көрермен назарына ұсынылса, екінші күні фестивальдің арнайы қонағы, киносыншы Адиля Хайбуллина Татарстан фильмдерімен таныстырды. Үшінші, соңғы күні, көрермен отандық қысқаметражды фильмдердің беталысын көріп, баға беруге мүмкіндік алды. Әр көрсетілімнен кейін көрермендер өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды.

Чувашия елінен келген «Атилла» (М.Никитин) деректі фильмі қоюшы-балетмейстердің «Атилла» балетін сахналау кезіндегі дайындығы, кездесетін қиыншылықтары мен орын алатын қателіктері туралы баяндайды. Тақырып қызықты болғанымен де, режиссер деректі фильм жасау тәсілінің ең қарапайым түрлерімен жұмыс жасағандықтан картина бір қалыпта қалып қойған, қақтығыссыз, дамуы бақыланбайтын деректі фильмдерге ұқсас. Фильм бір ғимаратта, үш түрлі орында түсірілген: балетмейстермен сұхбаттасатын алаң, дайындық аудиториясы және балет қойылған сахна. Монтаждың әлсіздігінен шашыраңқы болып шыққан идея – фильмнің динамикасының жоғалуына алып келді.

«Что скрывают куклы дяди Тероша?» (М.Карягина) деректі фильмі келген көрермендердің де, сыншылардың да көңілінен шыққан туынды. Фильм жалғыз қалған ардагер жайлы. Әйелі марқұм болғаннан кейін өзінің қазіргі сүйікті ісі – қуыршақ жасауды бастаған. Режиссер ардагердің өмірінің үш кезеңін: 92, 96 және 100 жасын түсірген. Осыған орай, фильмнің нақты үш бөлікке бөлінгенін аңғарамыз: Терош (Терентий Дверенин) атаның қысқаша өмірбаяны; қуыршақтардың дүниеге келуі және музей; Терош атаның мерейтойына орай әкімшіліктің жасаған сый-құрметі. Әр төрт жыл сайын кейіпкерін сегіз жыл көлемінде зерттеумен айналысқан режиссердің бірнеше көркемдік шешімдерін атап өтпес бұрын, кейіпкерді ұзақ уақыт бақылау қазіргі деректі фильм түсірумен айналысатын режиссерлердің көбінде байқалмайтынын айта кеткен жөн. Режиссер кейіпкерді бірден ардагер ретінде таныстырмайды. Өз ісін сүйетін қарапайым қария ретінде таныстыра келе, кейіпкердің бейнесін толығырақ ашып, сыйлы, ел есіндегі ардагер ретінде таныстырады. Тағы бір ерекшелік басты кейіпкерге сұрақтар кадр сыртынан емес, жақын жерде тұратын көршісімен есік алдында әңгімелестіру арқылы қойылады. Оқиғаларда соғыс лейтмотиві бірнеше рет қайталанады. Сұрапыл соғыстың адам өмірінде өшпес із бен ауыр естеліктер қалдыратындығының айқын көрінісі.

Үшінші көркем фильм «Юман» (Е.Рябцева). Бұл фильмде Чуваш елі барлық ұлт секілді өзінің түп-тамырын, тарихын іздейтіндігі көрінеді. Чуваштардың фольклорын, халық әндерін зерттеуші жас жігіт аралдың арғы жағына Әжеден халық әндерін жазып алу үшін келеді. Бұл әрекет оңайға соқпаса да, зерттеуші көздеген мақсатына жетеді. Халық әні айтылады. Фильм тамашалау барысында байқалған нәрсе – жастардың айтатын әнінде славяндық иірімдер көбірек, ал Әженің әуенінде түркі тілдес халықтарға тән баяу, сазды әуен естіледі.

Қарастырылған үш фильм де Чуваш елінің тарихынан, өмірінен, адамдарының болмысынан сыр шертуге тырысады. Атилланы олар өз бабасы деп санайтындығын балетмейстерден білсек, екінші дүниежүзілік соғыста чуваштардың ерлігі айтылады, үшіншісінде тәуелділіктеріне қарамастан олардың да өз мәдениеті, салт-дәстүрі, өнері бар екендігін алға тартады. Жалпы, чуваштар түркі тілдес елдердің қатарына жатса да, фильмдеріндегі ұлттық киімдері, діндері славян халықтарына жақындығы бар екендігі, өздерін бодан етіп отырған алып мемлекеттің ықпалы біршама екендігі аңғарылды. Дегенмен де, олардың фильмдері өздерінің ана тілдерінде түсірілген. Бұл үлкен жетістік.

Екінші бөлікте тамашалағанымыз көркемдік шешімдерімен, тілге деген қарым-қатынасымен ерекшеленетін Якутия елінен келген «Я люблю тебя, Якутия!» альманах фильмі. Дәл тапқаныңыздай, әр мемлекетте түсірілетін, өз еліне деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді арттыратын фильм. Альманахта 4 фильм бар, әрқайсысы 18 минуттан тұрады.

«Семь дней надежд» (А.Амбросьев) кездейсоқ жолыққан жолаушыға өшпес үміт сыйлаған таксист жайында. Осы оқиғаның арасында таксисттің туған қызымен қарым-қатынасы, кейіпкердің мейірімділігі, жақсылық жасау бумерангы секілді тақырыптар білінбей, екпін қойылмай өтіп жатады.

«Половинки» (Р.Дорофеев) фильмі актерлік шеберлікке құрылған жастар фильмі. Дәмханада отырған жас жігітке тапсырма бойынша қолына түскен жарты жүректің келесі бөлігін табуы керек. Жүректің жартысын іздеп, ол түрлі адамдармен кезігеді. Кейіпкердің сан қырлылығын ашу үшін режиссер басты кейіпкерді сыпайы, әдемі қызбен; түңгі клубтың «ханшайымымен»; махаббатқа ынтық бойжеткенмен; жеңілтек ойларымен маза алғыш қызбен; махаббатын жолықтырған аңғал қызбен кездестіреді. Басты кейіпкерді әртүрлі амплуада көру өте қызық болды. Қарқынды дамып келе жатқан драматургия фильмнің соңына келгенде, кейіпкерді кенеттен алғаш жолыққан қызға қайта қауыштырып, көрермен күтпеген бұрылыс жасайды.

«Туйаара» (С.Потапов) фильмі әке мен қыз арасындағы байланысқа құралса, соңғы «Иллюзии дождя» (М.Лукачевский) фильмі ерлі-зайыпты арасындағы сөнген махаббатты қайта маздату оқиғасы. Екі фильмде де жанұя құрдымға кетіп бара жатса, тағдырдың сынағына көндікпей, әр түрлі әрекетпен отбасыны сақтап қалуға тырысу керек деген ойды арқалайды.

Альманахтағы негізгі ой Якутия халқының мейірімділігін, гуманисттік  қасиеттерін көрсету. Сонымен қатар, фильмдерде отбасы тақырыбы маңызды орын алады. Алғашқы фильмде қираған отбасын түзеткісі келген отағасы, екіншісінде отбасын құрғысы келетін екі жас, соңғы екі фильмде бұзылуға шақ қалған отбасын сақтап қалуға тырысып бағатын кейіпкерлер. Фильм аталмыш елдің әдемілігін, тарихи байлығын көрсетуімен емес, адамдардың рухани құндылығына назар аудартуымен ерекше.

Фестивальдің екінші күнінде көрсетілген Татарстан киносы татар халқының ұлттық құндылықтарын, фольклорын  дәріптеуімен есте қалды. Оған дәлел ретінде «Гульназек – победитель дивов»      (Е.Ермолина) халық ертегісінің сюжетімен түсірілген анимациялық фильмін; дуалаушылықпен айналысатын әйелдің бейнесін қарғаға теңеу арқылы, ақ пен қара, жамандық пен жақсылық пәлсапасын қара магия арқылы көрсеткен «Сухая река» (А.Барыкин) көркем фильмін атауға болады. Ал «Половинки» (Б.Байтуллин), «Дыши глубже» (Р.Хайнуров) көркем фильмдері жеңіл тақырыптағы коммерцияға бағытталған фильмдер санатынан. «Волчий яр» (А.Галиаскаров), «Представь» (И.Рахимбай) фильмдері бауырлар арасындағы алауыздықты көрсетеді. «Волчий яр» фильмі жасөспірім ағасы мен інісінің екі түрлі ойдағы адамдар екендігін алға тартады: үлкені өзінің мүддесі үшін зардап шеккен адамдарға қол ұшын созудан бас тартады, кішісі оған керағар пікірде. «Представь» фильмі орта жастан асқан  ағалы-інілі бауырлар туралы. Біреуі шіркеуде поп, біреуі мешітте имам. Философиялық тұрғыдан пайымдасақ, бір үйдің адамдарының, туған бауырларының сеніміндегі, санасындағы, көзқарастығындағы екі түрлілікті айтқысы келген. Ал әлеуметтік көзқараспен қарасақ, бір жағында ұлттық құндылықтар мен наным-сенімдерді ұстап қалғысы келетін дәстүрлі отбасы, екінші жағында алып империяның ықпалынан сенімін, көзқарасын өзгерткен славяндық отбасы. Татар киногерлерінің біздің жас кинематографисттермен ұқсастығы – қаланы түсіруге құмарлығы мен орыс тіліне басымдылық беруінде екен.

Біздің тарапымыздан тоғыз фильм, соның ішінде бір анимациялық, бір деректі және жеті көркем фильм көрсетілді. Сандық көрсетілімнен қазақ киносының деректі, анимациялық түрлері аз екенін байқаймыз. Бұл көркем фильмдердің дәрежесі тым жоғары болғандықтан емес, анимациялық, деректі фильмдердің жетіспеушілігінен. Аталмыш  проблема тек қазақ киносында ғана емес, бұған дейін көрсетілген Чувашия, Якутия, Татарстан киносында да бар екенін байқай аламыз.

Қазақ студенттерінің жұмысында отбасы, әлеуметтік, психологиялық тақырыптары қамтылған. «Прятки» (В.Каиржанова), «Бауыр» (Е.Шаубанов), «Наблюдая за ветром» (Д.Рахметулла), «Постовой» (А.Абу) отбасылық драмаға, «Дипломмен ауылға» (С.Рахым), «Жаздың салқын түні» (Ә.Аменов) және деректі «Қарғалар» (Н.Үрімхан) фильмін әлеуметтік мәселелерге арналған фильмдер тобына, анимациялық «Острые предметы» (А.Тазиатова) фильмін психологиялық, адамның ішкі әлеміне енуге тырысатын туынды санатына жатқызуымызға болады. «Поцелуй в курилке» (М.Тасбулат)  терең ойға аса жетелей бермейтін мелодрама жанрында түсірілген фильм. Аға мен іні арасындағы ерекше байланысты сипаттайтын «Бауыр» фильмі атмосферасымен, шынайылығымен көрерменді өзіне баурап алды. «Дипломмен ауылға», «Қарғалар» фильмдері қабылдауың қиын болса да, шындыққа тура қарауыңды талап етеді. «Прятки», «Наблюдая за ветром» фильмдері орыс тілінде түсірілгенімен, бізге таныс  қалалық қазақтардың өмірін баяндайды. «Жаздың салқын түні» фильмі әлеуметтік тақырыпты қамтиды. Ұлтымызға тән  қасиеттерді байқай алмағандықтан болар, фильм қай елде көрсетілсе де көрермендерге бірдей қабылданады. «Острые предметы», «Поцелуй в курилке» фильмдері сөзсіз түсірілсе де, фильмдерден шет елдік лепті байқай аласың.

Қарастырылған барлық елдің кинематографиясында ұлттық болмыс, ана тіліне деген тиісті құрметтің болмауы секілді еленбей жатқан үлкен мәселелер алаңдатушылық тудыртады. Ана тілін құрметтеу және оны қолдану тұрғысынан якуттардан; азғантай болса да, барды бар деп көрсетуді чуваштардан; ұлттық болмысты кино өнерінде дәріптеуді татарлардан үйренуіміз керек секілді.

Түркі тілдес халықтардың, оның ішінде беймәлім жатқан Чувашия елінің кино өнерімен танысу астаналық киногерлерге, көрермендерге берілген үлкен мүмкіндік болды. Болашақ киногерлерге кез келген фестивальге тек байқау ретінде ғана емес, басқа да халықтармен мәдени диалог құратын алаң деп қарауды санаға сіңдірсек, жастар киносынан ұлттық кодты жиірек байқауымыз әбден мүмкін.

Енлик Егеубаева

Студент-киновед

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *