Жәкен Дәненов: «Адамның шынайы эмоцияларын жеткізуді мақсат қойдық»

Әдемі Қапар, ҚазҰӨУ, кинотану, ІІІ курс

«Айдаһар аралы» атты анимациялық  туындының жасалу процесі  туралы Жәкен Дәненовпен сұхбаттасқан едік. 

Кино өнері – адамзат баласы үшін ақыл-ойының жетілуі мен кемелденуі, өмірлік тағылым-танымының алтын сандығы мен дүниетанымын қалыптастырушы өнердің бірі. Сол себептен,  ең бір күрделі мәселелердің бірі – фильм сюжеттеріндегі рухани әрі ұлттық ізденістер, тақырыптың тереңдігі, кейіпкерлердің бейнесін көрсете алатын көркем дүние мен үлгі боларлықтай қаһармандардың болуы сияқты мәселелер басты тұғырға көтерілген. Осы тақырыптарды толықтай қамтыған туындыны көру – мен үшін үлкен қуыныш. Нақтырақ айтсам, анимациялық фильмдердің режиссерлері Жәкен Дәненов пен Ғани Қыстауовтың  «Айдаһар аралы» атты анимациялық туындысы.  Осы туындының жасалу процесі  туралы Жәкен Дәненовпен сұхбаттасу сәті түсті.

Шындығына келгенде, осы туындыны жақында ғана көрдім. Фильм  мені ұзақ толғандырып, ойымнан кетпей жүрді. Ұзақтығы  30 минуттай анимациялық фильмді бір деммен көресің. Сонымен, фильмнің сюжетіне арқау болған Акутагава Рюноскэнің «Сусаноо-но-микото» новелласынан бастасақ.

«Айдаһар аралы» атты туындыға кеңес үкіметі тарамай тұрып, 1989 жылы сценарий жаза бастадық. «Сусаноо-но-микото» шығармасын таңдаған себебіміз, біріншіден, әңгімені оқығанда «Кімді батыр деп есептеуге болады?», батырлық табиғатының ашылуы сияқты тақырыптарды қозғағаны ұнады. Кеңес үкіметі кезі ғой, біздерде: «Біз ұлы халық,  ал, сендер кіші халықтар, деуші едіңдер.  Сонда сендер батыр халық болсаңдар неге бізді қысып ұстайсыңдар? Не себептен еркіндік бермейсіңдер?», – деген сияқты сұрақтар мазалаған еді. Екіншіден, шығыс халықтарының     сурет эстетикасы: қағазды басқаша көріп, түсінетіндігі, қабылдайтындығы ұнайтын. Сосын, эпик жанрындағы анимацияны шығара аламыз ба, жоқ па деген ойлар да болды.  Өйткені,  «шартты»  анимация болмағандықтан, басқаша әсер аласың ғой. Адамның шынайы эмоцияларын, ішкі жан дүниесінде болып жатқан қопарылыстарын жеткізуді мақсат етіп, туындыны жасап шықтық.


 

«Айдаһар аралы» фильмнен кадрлер


Акутагава Рюноскэнің «Сусаноо-но-микото» новелласын оқығанда  тұнып тұрған Жапон философиясы мен мәдениетіне куә боламыз. Ал, сценарий жазу барысында, сіздерде,  фильмді  қазақ жұртшылығына бейімдеу болды ма?

Біз шығыс мәдениетіне ұқсас етіп түсірдік деп айтпас едім. Бірақ,  біздің және Жапон елінің  мәдениеті мен философиясында ұқсастықтар бар. Мысалы, көшпелілерге айдаһар жақын. Бұрындары көшпелілердің жалауларында, найзаларының бастарында айдаһардың не қасқырдың бейнесі бейнеленетін.

Осы себептен шығарманы фильмге бейімдеу қиын болған жоқ. Кейіпкер де біздің фольклорға жақын. Басты кейіпкерлер – қазақ, ұлттық нақышта киінген.

Сценарий фильм түсірілімі барысында өзгерді ме?   

Ғани Қыстауовпен сценарийін жаздық, кейін мәтінін белгілі  сценарист Лейла Ақынжанова жазды. Мәтіні керемет шыққан. Фильмді басынан аяғына дейін Ғани Қыстауов екеуміз жасағандықтан   жасалу процесі ұзаққа созылған болатын. Туындыны 1989 жылы бастап, кейбір саяси жағдайға байланысты 1993 жылы ғана бітірдік. 1997 жылы Еуразия кинофестивліне ұсынғандықтан,  45 минуттан 30 минутқа дейін қысқарттық.  Сол жылы, анимация бөлімі бойынша   гран-при иеленді. Токио, Пусан қалаларында өткен кинофестивальдерге апарған Лейла Ақынжанованың айтуынша, фильмді жылы қабылдаған екен.

Осы туындыны жасаған кезде қандай қиыншылықтармен кездестіңіздер? 

Фильмді бастағанда Кеңес үкіметі құлады. Госкино жабылды. Кейін, «Айдаһар аралының»  продюсері Сайын Ғабдуллин Госкиноға барып фильмнің құқығын сатып алып, қайта жалғастырдық. Бума-бума  қағаздар сатып алып, кәдімгі сиямен әр кадрды сызғанбыз.

Басты кейіпкерді, актер Димаш Ахимовқа ұқсаттым.

Фильм –  эклер технологиясы бойынша жасалған. Басты кейіпкердің түр-әлпеті  актер Димаш Ахимовтікі.

Фильм минимализммен жасалған. Кейіпкерлер бос кеңістікте пайда болып, қайта сол кеңістікте жоғалып кетеді. Кеңістікті дұрыс қолданғандықтан фильмнің атмосферасы айрықша. Бұл идеяға қалай келдіңіздер?

Бізге шығыс халықтарының көзқарастары, эстетикасы, графикалары ұнады. Фильмді жасағанда тек қағазға сүйендік. Қағаз – ол кеңістік, «пространство».

Шығыс суретшілердің түсініктерінде  таза ақ парақ бір  мағынаны білдіреді, көбінесе композицияның маңызды тұсы бола отырып, шексіздік ретінде қабылданады. Ал біздің фильмде кейіпкерлер ғайыптан пайда болып, қайтадан ғайып болып жатады. Осы себептен ақ қағаз мағынаға ие кеңістікке айналып, көрерменді үнемі толғаныста ұстайды.


«Айдаһар аралы» фильмнен кадрлер


Сол кеңістікте бір штрих салсаң одан бір нәрсе пайда болары анық. Осы технологияны біз анимациямызда қолданғымыз келді. Қолдандық та. Фильм – паузаларға толы. Ол – драмалық паузалар. Біз бос қағазды көрсетсек те, оның өзі  өзіндік бір мағынаға ие.   Ең өкініштісі, фильмде осы паузаларды жиірек қолдана алмағандығымыз.

Ашық әңгімеңізге көп рақмет!           

 

Vosmerka

Сайт о кино.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.