Бүгінгі студенттік кино

Ержан ЖҰМАБЕКОВ

Қазіргі қазақ киносының жаңа қарқын алып, дамып келе жатқаны белгілі. Қалалық кинотеатрлардан комерциялық бағыттағы фильмдері үзілмей көрсетіліп, кинофестивальдерден жүлделі орындар иеленіп жүрген авторлық фильмдеріміз де аз емес.

Дегенмен,режиссерлардың қабілеті алғашқы фильмдерінен байқалып,көп жағдайда кинодағы шығармашылық жолы студенттік кезеңнен басталады. Бұл кездегі қысқаметражды туындылар үлкен жұмыстардың бастамасынан хабардар етіп, режиссердің болашағына барар жолдама болары анық.

Сондықтан болар, студенттердің шығармашылығы әр кезеңде де киномамандарының назарынан тыс қалған емес.Жас кинематографистерге арналған «Жаңа көзқарас», «Дидар», «Шәкен Жұлдыздары» кинофестивальдері өз уақытында жаңа есімдерді ашты.Бүгінде олар қазақ киносындағы белсенді жұмыс жасап жүрген Н. Төребаев, Э. Байғазин, Ә. Ержанов, С. Әбішев, Ж. Пошанов сынды режиссерлар.

Ал бүгінгі студенттік фильмдердің көркемдік ерекшелігі, кәсіби деңгейі қандай? Жас режиссерларды ойландыратын мәселелер бар ма? Қандай тақырыптарда фильмдер түсіреді? Тағы да басқа студенттік фильмдерге қатысты ойлар төңірегінде кинофестивальдер мен көрсетілімдер нәтижесі бойынша саралап көрелік.

Осы орайда VI-ші «Бастау» кинофестивалінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы атынан қатысқан қысқаметражды «Опус №2» (реж. Б. Кұдайберлі) «Қайсар» (реж. Ғ. Жұмабеков) фильмдері өзінің көркемдік әдістерімен ерекшеленді. Режиссерлары бір шеберхананың (жетекшісі А.Әмірқұлов) студенттері. Екі фильмде эксперименттік кино элементтеріне сай құрылған. Конкурс бағдарламасындағы өзге де студенттік фильмдермен салыстырғанда, бұл фильмдегі кейіпкерлер өзін-өзі іздеу барысында. Бұл ізденіс әсіресе кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесін ашып көрсетудің жаңа формаларын қарастыруда айқын байқалады. Алғашқы кадрлардан бастау алатын фотографиялық кеңістік, қолданылған ақ-қара түсті формат фильмді реалистік бағыттан авторлық деңгейге көтереді.Ортақ көркемдік ерекшеліктермен қатар, Б.Кұдайберлінің фильміне экзистенциялық шешімдер тән болса, Ғ.Жұмабековтың фильмінде әлеуметтік тақырыптың көрінісі басымырақ болды. Аталмыш кинофестивальде екі фильмде өздерінің замандастары әділдік ететін «студенттік әділ-қазының арнайы жүлдесін» иеленді.

Биылғы жылдың елеулі жаңалықтарының бірі «Қазақ киносының марафоны» деген атпен алғаш рет аталып өткен іс-шара шеңберіндегі үздік қысқаметражды фильмдердің бағдарламасы болды. 80-ге жуық қысқаметражды жұмыстардың арасынан сегіз үздіктердің қатарына енген Ғалымжан Жұмабековтың «Қайсар» фильмі көрермен назарына қайта ұсынылды.

На каз кино

(«Қайсар» фильмінен үзінді)

Көп ұзамай оқу орны қабырғасында ұйымдастырылған көрсетілімде Бағлан Кұдайберлінің келесі «Рондо» фильмі қызу талқылауға түсті. Алғашқы тәжірибесіндегі тақырыптық ерекшелік «Рондо» фильмінде көрініп, кино тілінің әр келкілігімен жалғасын тапты. Фильмнің кейіпкері ер бала ұйқыдан тұрып өзінің сүйікті қызының келбетін ұмытып қалғанын түсінеді. Қызы есінде, бірақ келбетін есінен жұлып алғандай. Бұл құбылыс оған түсініксіз болып көрінеді. Ол қызымен сол арада кездесу керек екенін шешіп, трамвайға отырады. Жолда оған талай ойлар келеді, талай сезімдер кешеді. Ол қызымен болған жерлерді есіне алады: орман, мұражай, қала. Қызымен кездескенде не болатынын білмейді. Бірақ, кейде ол қызын не болса да есіне ала алмайтын секілді, жол мүлдем бітпейтін секілді, бұл жолдың ұзындығы өмірмен бірдей тәрізді.

Каз кино

(«Рондо» фильміненүзінді)

Қазақ кино өнеріндегі балалар тақырыбындағы фильмдердің дәстүрін жалғастырушы Бауыржан Апаргожаның(Э.Гильман шеберханасы) «Арбуз» фильмі болды.Фильм VI-ші «Бастау» кинофестиваліне қатысып,Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясындағы кезекті студенттік бағдарлама бойынша көрсетілімі болып өтті. Фильмнің басты кейіпкерлері үш ер бала. Жаздың күні қарбызды жеуді аңсаған балалар, осы ойды іске асыру мақсатында жұмыс іздеуге кіріседі. Жол бойында сауда саттықпен айналысып отырған қарияға барып, жуа ашу жұмысымен айналысады. Сол еңбектерінің ақысы ретінде оларға қарбыз беріледі. Соңында қарбызды абайсызда жарып алып, ішіндегі дәнектерге қарап «бір емес, әлі көп қарбыз жейміз» деген диалогпен бітеді.Фильм оқиғасы балалардың бір күндік өмірін этюд әдісі арқылы баяндап берген. Алайда режиссер оқиғаны сипаттаумен ғана тоқталып қоймай, астарлы мазмұны арқылы бүгінгі қоғамдық мәселелерді балалар көзімен көрсете алды.

Каз кино(«Арбуз» фильмінен үзінді)

Сонымен қатар, 2014 жылдың 17-23 қараша аралығында 34-ші Халықаралық студенттік  Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының (ВГИК) кино және театр фестивалінде Төлегенов Дарханның (Т.Теменов шеберханасы) «Көкек» атты қысқаметражды көркем фильмі көрсетілді. Басты кейіпкер – тастанды бала. Ол анасын іздеп шалғай жатқан ауылдағы ескі үйге келеді. Анасының жылы қабақ танытпағанына қарамастан оны үйінен белгісіз бағытта алып кетеді. Оқиға дәстүрлі сипаттаудан алшақ. Қоғамдағы қалыптасқан түсінік бойынша тастанды бала аяқтан тұрып алған соң, анасының мейірімін іздеп, арасындағы түсінбестікті жоюға тырыспайды немесе кінәлауға асықпайды. Тек ғана соңғы эпизодта айдаладағы ана бейнесі келесі бос кадр кеңістіктігіне алмасып, қайта қарайлап жүрген баласының бейнесі көрсетіледі. Фильм бойынан күрделі мәселелерді ашу талпыныстары мен жаңа кезең режиссурасына тән көркемдік ерекшеліктерінің орын алғанын атап кеткен жөн. Дәлірек айытқанда, оқиға желісіндегі детальдардың маңызды рөл атқаруы және көңіл-күйді жеткізу жолындағы ірі жоспарлардың тиімді пайдалануы.

Каз кино

(«Көкек» фильмінен үзінді)

 Жуырда академия қабырғасында студенттерді ынталандыру және фильмдерін насихаттау мақсатындағы кезекті көрсетілім бағдарламасы ұсынылды. Бағдарламада режиссерлар Әсия Байғожина, Ардақ Әмірқұлов, Арман Қарабаев, Эля Гильман, оператор Ренат Қосай жетекшілік ететін шеберхана студенттерінің фильмдері көрсетілді. Осы ретте көрсетілім ұйымдастырушысы режиссер Әсия Байғожина: «соңғы жылдары студенттік фильмдердің деңгейі төмендеп кетті.Бұл көрсетілімдегі фильмдерді өзара талдау нәтижесі, көптеген сұрақтардың жауабын ашуы тиіс» — деп атап өтті.

Қорытындылай келе, бағдарламада ұсынылған студенттік фильмдердегі басты мотив түпкі тамырынан, туған жерінен алшақтаған мәселелер мен шынайлықтан қашқан кейіпкер бейнесі болды.

Vosmerka

Сайт о кино.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.